1891
Абайдың ақыл мен насихат туралы ой пайымы зерделенген қара сөзі.
Қашан жазылды?
Өз заманының әлеуметтік тегін жіктеп көрсеткен қара сөзін Абай 1891 жылы жазған.
Қайда жарияланды?
Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Қара сөз не жайында?
«Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?» деген санаға қорғасындай салмақ салар зілді сұрақпен басталатын қара сөзінде хакім Абай жанын жегідей жеген әлеуметтік мәселелерге жауап іздейді. Ел мінезінің күннен күнге ұсақталуына, уақыт озған сайын рухани құлдырауына үңіледі. Бүлінген елінің сорына біткен ел атқамінерлерінің қиянатшыл тіршілігінен, кері кеткен берекесіз әумесерлігінен түңіледі. Қазақ қоғамының айнасына сәуле түсіріп, отаршылдық қысымы, бодандық бұғауында бөлшектенген қауым тізгінін ұстап отырған бірі – болыс, бірі – би ел атқамінерлерінің бойындағы кесірлі мінезді, ісіндегі залымдықты сынайды. Отаршыл жүйе енгізген сайлау жүйесі, солардың мүлтіксіз қалауымен болған би, болысқа туралық пен ақиқат артып жүгінген елден әділдік, мейірім, ынсап, иман кетті. Орыс ұлығына арқа сүйеген олар халықтың теріс айналуынан еш шіміркпестен әрі басқа би-болысқа жүгінетінінен қорықпастан ашықтан ашық пара алып, жемқорлыққа, тоғышарлыққа белшесінен батып, ауыр қылмысқа ұрынып отыр. Былық жайлаған ел ішінде ол жазылмас дертке, айықпас індетке ұласу үстінде еді. Мұның бәрін Абай көзімен көрді, жанымен сезінді. Олардың өздеріне сын көзімен қарамай,топтан озған үздік кісіміз, бәз біреулерге үлгі беріп, ақыл айтарлықтай санаттамыз деп сайлануларына еш күмәнсіз иланған таяздықтарын шенейді. Ұлық алдында бас иген құлдық санасын мінейді. Жеке бастарын күйттеуден аспай отырған жалтақ, имансыз істерінен жиіркенеді, ашына жеткізеді.
Қай жанрда жазылды?
Абайдың бұл қара сөзі сұрақ қойылып, оған жауабы айтылып, философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.
Қай тілдерге аударылды?
Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.
Сегізінші сөз
Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?
Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығымдап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? — деген ебіне қарай біреуді жетілтейін деп, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді.
Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ; саудасын жиғызбақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ – солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бәрін жайғастырып, аяғын алып келіп мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді.
Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өздері де тыңдамайды.
Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай жүр. Аналар анадай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!» дейді. Оның өзгеменен ісі жоқ, ана алдындағы үшеуіндей болған жанның ойында ешбір қайғысы, мұңы болмаса керек.