Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«САП, САП, КӨҢІЛІМ, САП, КӨҢІЛІМ!»

«САП, САП, КӨҢІЛІМ, САП, КӨҢІЛІМ!»

Абайдың жігіттік, жастық мінездерді сипаттап, өз өмірінің осы шағына арнап айтқан өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1855-1881 жылдар аралығында жазған, жылы белгісіз өлеңі. Жылы белгісіз болғанымен, ақынның жиырма-жиырма бес арасында өз өмірінің осы шағына нақтылап, арнап айтқан өлеңіне ұқсайды.

Қайда жазылды?

59 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Бұл өлең ең алғаш 1933 жылғы жинақта «Жылы белгісіз өлеңдер» ретінде басылған (231-бет). Өлеңнің бұл басылған нұсқасының көлемі 30 жол. Түсінік берілмеген. 1939 жылғы жинақта басылған нұсқасы 59 жол (231-232 беттер).

Өлең не жайында?

Өлеңнің жазылу тарихы туралы, толығырақ түсінік, 1945 жылғы жинақта берілген: «Мұны Мұхтардың көрсетуі бойынша, Абай өзінің жігіт шағында жазған көрінеді және сол жігіт шағынан қалған өлеңдерінің ішіндегі ең көлемдісі, көркемі. …Мұны бұрын Абай жас кезінде өзі ғашық болған бір әйелі – Сүгірдің қызына айтқан дейді екен. Бірақ соңғы айтушылардың сөзіне қарағанда, бұл өлең Сүгір қызына емес, Сүйіндік қызы Тоғжанға арналған көрінеді. Жігітектер мен Құнанбай жауласып жүргенде, Абайдың қауіп-қатерге қарамастан бейнетпен барып жүрген қызы – сол Тоғжан. Ерболмен достығы да сол қыз арқылы болған. Және Тумабайдың айтуынша, бұл өлеңдегі қыз Сүйіндік қызы екенін білдіретін:

«Қыз ағасы Әлібек

Ұстап ап дүре салмай ма, — деген бір-екі жол өлең де бар екен. Жалғыз-ақ кейінгі айтуында ол жолдар түсіп қалыпты. Біз орнын білмегендіктен бұл екі жол өлеңді баспаға қоспадық. Соңғы нұсқасы Мүрсейіт жазбасынан алынған» (455-456 беттер).

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7 буынды жыр үлгісінде жазылған, көлемі 59 жол. Мазмұны мен мағынасына қарағанда, Абайдың бұдан бұрын азды-көпті айтылып келген өлеңдерінің өзінше, өзгеше бір қорытындысы сияқты. Мұндағы ойлар мен сезімдер, жас жігіттің өзіне де, құрбы, тұрғыластарына да арналған тоқтау сөзі, сын, толғау сияқты.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, түрікмен, ұйғыр, т.б. тілдерге аударылған.

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Саяламай, сай таппай,

Не күн туды басыңа

Күні-түні жай таппай?

Сен жайыңа жүргенмен,

Қыз өле ме бай таппай?

Түн кезгенің мақұл ма,

Жан-жағыңа жалтақтай?

Өлермін деп жүрмісің,

Мұнан басқа жан таппай?

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сабыр түбі – сары алтын.

Сабыр қылсын, жайыңды

Білер ме екен бекзатым?

Көңіл аулап, сөз айтар

Арадағы тілхатым,

Ағын судай екпіндеп,

Лайы жоқ суатым,

Ауру да емес, сау да емес,

Құрыды әл-қуатым.

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сана қылма бекерге.

Сан қылғанмен пайда жоқ,

Дүние даяр өтерге,

Ажал даяр жетерге.

Қош, қыз алсын қойнына,

Бейнет көрмей, дәулет жоқ.

Әлі батып кетерге,

Оныменен бойыңа

Иман, дәулет бітер ме?

Адалды сатсаң арамға,

Құдай қабыл етер ме?

Қыз сүйеді мені деп,

Оған көңіл көтерме!

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сарқа берме санасын.

Бәрін өзің білсең де,

Әлі-ақ өзің танасың.

Өртенесің, жанасың.

Өз-өзіңнен бейнетке

Өз басыңды саласың.

Қай мезгілде тойғыздың

Аюдайын ағасын,

Қатыны мен қалашын?

Қарсақ жортпас қара адыр,

Қарамай неге шабасың?

Сонда тәуір бола ма,

Ұстап ап біреу сабасын?

Киіміңді тонасын,

Елге де күлкі боласың.

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сағынышқа сарғайма!

Жай жүрсең де қыз қумай,

Сені біреу қарғай ма?

Қыз іздесең, қалың бер,

Мұным ақыл болмай ма?

Көріп алсаң көріктіні,

Таңдап алсаң тектіні,

Сонда да көңіл толмай ма?