1895
Абайдың педагогтық, ұстаздық ойларының жемісі саналатын қара сөзі.
Қашан жазылды?
Абай ойсыздық кеселдерінен сақтандыратын ойларын 1895 жылы жазған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Қара сөз не жайында?
Қара сөзде автор естіп білгеніңді ұмытпай есте сақтау тәсілдерін санап көрсетіп, ойсыздық кеселдерінен сақтандыратын ойларды ортаға салады. «Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек, екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып көңілге бекіту керек, төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек» дейді Абай.
Қай жанрда жазылды?
Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз бірінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.
Қай тілдерге аударылды?
Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.
Отыз бірінші сөз
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.