Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

ОН БІРІНШІ СӨЗ

ОН БІРІНШІ СӨЗ

1892

Абайдың ел басына түскен дерт және одан құтылу жолдары әңгімеленетін қара сөзі.

Қашан жазылды?

Абай өз заманындағы ұрлық, бұзақылық сынды жат қылықтарға талдау жасаған қара сөзін 1892 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Айбай ұлықтар мен ұры-қара арасындағы ауызжаласқан сыбайлас жемқорлықты, қарапайым жұрттың ұрлықпен мал алып, ұрыға сатып пайдаға кенелем деп жүрген әулекілігін, пәлеқорлығын тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Азған елді жайлаған азғын бұзақылардың ауқаттыларды азғырып жүрген аяр мінезді имансыздығынан, көрсеқызарлығынан шошынады.

Олардың бір-біріне қастық ойлаған рақымсыз, мейірімсіз қаніпезерлік істеріне деген жан күйзелісінің астары терең қатпарлы. Абай нағыз ұрлықпен айналысатын дағдылы ұрылар емес, қырдағы патша ұлықтары екенін дұрыс көрсетеді. Ұрылардың ұрлықпен, залымдықпен, арамдықпен тапқан малына тыйым салмаған ұлықтардың да өз бақай есебі жеткілікті. Сайлау, партия, дау-дамаймен қаржысқан қара халықтың көп бергенге жақтасуымен ауылын, отбасын сатып жүрген ардан безген ісіне жаны күйеді. Шен-шекпен, атақ-мансап, партия үшін арын сатқан имансыздықтың қайда апарып соғарын жұмбақтамай ашық айтады. Елтұтқаларынан сенім кетіп, әділдік пен ақиқат жолынан адасқан қара халықтың ең басты киелі де қастерлі құндылықтарын бас пайдасы үшін саудалаған қасиетсіздігіне күйінеді. «…Қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын, баласын сатып жүр» деп ащынуымен саналы да арлы жұртына жан айқайын жеткізеді. Рухани құлдыраудың ұлттық күйреуге ұласуының қасіретін бағамдайды.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі момын елдің нәубетіне айналған – ұрлық-қарлық, бұзақылықпен күресу жолдарын қарастыру туралы философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Он бірінші сөз

Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі – ұрлық. Ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. Кім азса, мен соған керек боламын деп, к… қыздырып алып, өзін бір ғана азық қылайын деп жүр.

Ұлықтар «пәлі-пәлі», бұл табылған ақыл деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр.

Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді, шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді.

Енді жұрттың бәрі осы екі бүлік іске ортақ, мұны кім түзейді? Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме? Ұрыны тыю да оңай болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды?