Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

1895

Абайдың қазақтың кейбір мақалдарына ғылыми талдау жасаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Абай «мақалдың озығы бар, тозығы бар» деп философиялық талдау жасаған қара сөзін 1895 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Ақын қазақтың «жарлы болсаң, арлы болма» деген мақалының мән-мағынасына тоқтала келіп, жалға жүріп мал тап деген ой айтпақ болса, еңбектеніп мал табудың несі ар? «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» дейді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген мақалдың өз құлқынын құптап шығарған қулардың арам ойынан туғанын айтады. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» деген мақалдың да мағынасын әшкерелеп, ата-анасын малға сатқан, ант атқан арсыздарды айыптайды.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма тоғызыншы қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

          Жиырма тоғызыншы сөз

Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.

Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол — ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі.

«Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген — ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.

«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған  буралық неге жарайды?

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы  айтқаны.

«Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен  айтылған  сөздеріне  бек сақ болу керек.