Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

ЖИЫРМА БІРІНШІ СӨЗ

ЖИЫРМА БІРІНШІ СӨЗ

1894

Абайдың қазақ халқына және барша адам баласына тән мінездің бірі – мақтан мәселесін сөз қылған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Адам бойындағы кеселді мінезді сынаған жиырма бірінші қара сөзінАбай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз  не жайында?

Қара сөзде адам бойындағы мінездің бірі – мақтан жайында айтылады. Абай мақтанды адамға жат дүние емес деп біледі. Барлық адам баласы мақтаннан сау емес, бұл мінезге аз ба, көп пе кім-кім де бой алдырады дейді. Абай мақтан мінезінің адамға жаттығы жоғын айта отырып, оның барын қиын іс деп есептейді. Яғни, тұтастай алып қарағанда, Абай мақтанды жақтырмағанын түсінеміз.

Енді сол мақтанның екі түрін байқадым деп, әрқайсысының ерекшелігін жеке сипаттап береді. Мақтанның бірінші түрін үлкендік деп атайды. Ол мінез ақылға бой алдырған есті адамдарда кездеседі дейді. Ақылды адам қандай да бір табысқа, жетістікке, дәулетке, беделге, мансапқа қол жеткізсе, сонысына іштей риза болып, қанағат тұтып, қуанышын, мақтанын сыртқа шығармай сабыр сақтайды дейді. Өзінің абыройы мен беделін іштей бағалап, біреу мені жақсы десе, қарсы емеспін, жаман деп айтпаса болғаны деп шүкірлік етеді. Ондай жандар бойын жеңілтектіктен, әдепсіздіктен, арсыздықтан, сұрамшақтықтан, жағымпаздықтан,  тұрақсыздықтан, байлаусыздықтан, өсекшілдіктен, өтірік айтудан, басқа да кеселді жаман мінез, қылықтан таза ұстайды. Ары биік, ұяты таза, ақылы кемел осындай жандардың іштей мақтанын, өзінің жақсы аталғанына риза болғанын Абай жат көрмейтінін түсінеміз.

Мақтанның екінші түрін Абай мақтаншақтық деп атап, оның адамды адамдықтан аздыратын ұятты белгілерін анықтап береді. Мақтаншақтар  үлкендік танытқан адамдардай емес, керісінше мені жұрт жақсы десін деп тілеп тұрады. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін деп күтеді. Соны қалап, елдің мақтағанын іздеп, сол жолда азаптанып жүреді дейді.

Ал енді сол мақтаншақтардың өзін Абай іштей үш топқа бөліп жіктейді. Біріншісі – жатқа мақтанарлық мінез көрсетіп жүретін жандар. Екінші түрі – өз елінің ішінде мақтанды қалайтындар. Үшіншілері – өз үйінде, туған ауылында мақтанғанды іздейтіндер. Абай осылардың үшеуін де надан деп есептеп, бірақ адамдығы бірдей болмайтынын мысалмен түсіндіреді. Сыртқа мақтанарлық мақтанды іздейтін жандар надан болса да, адам, өз елінің ішінде мақтанды қалағандардың адамдығы толық емес, ал өз үйі ішіндегі, ауылындағы мақтаншақты адам емес деп бағалайды. Оның себебі, жатқа мақталсам екен дегендер мені елім мақтаса деп ниет танытады, еліме мақталсам екен дегендер мені ағайыным мақтаса деген пиғыл білдіреді, ал үй ішінде, ағайын арасында мақталсам деген өзін өзі мақтап, топастық мінез көрсетеді деп үкім жасайды.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма бірінші қара сөз өсиет-ғақлия сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Жиырма бірінші сөз

Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес.

Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді.