1890
Абайдың қазақтың өзі туралы түсінігі өзге халықтарға берген мінездемесінен аңғарылатынын дәлелдеп берген қара сөзі.
Қашан жазылды?
Ұлттық дамудың басты бағыттары көрінген қара сөзін Абай 1890 жылы жазған.
Қайда жарияланды?
Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген.Екінші сөз алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.
Қара сөз не жайында?
Қоғам дамуына, заман ағысына байыппен қараған сыншыл Абай екінші қара сөзінде қазақ халқын өзге халықтармен салыстырады. Салыстыра отырып қазақ сынап, мінейтін басқа харакетшіл жұрттың күнделікті тіршілігіндегі тағылымды да тәлімді үлгі-өнегесін өмірдің өзінен ала отырып көз жеткізеді.
Қазақ, ноғай (татар), сарт (өзбек), орыс сияқты көршілес елдерді оқушысы қазақ жұртшылығына әділетті достық көңілмен ұғындырып береді. Әңгімені жай бір тыңдаушылар тобында отырғандай, жеңіл әзіл түрінде бастап, өз халқының дәлелсіз үстірт өзімшілдігін мысқыл етеді. Содан барып шын сыншыл ойларына ауысады. Еңбек сүйген ел атаулының бәрі де қазақтай еңбексіздікке мол салынған және сол еңбекті өнеркәсіпте, күндегі тірлікте көрші елдің бәрінен кейін қалып отырған халқына үлгі берерлік, артық елдер болып бағаланады.
Қай жанрда жазылды?
Автор тың өрістерден ой өрбітіп, халықтың тарихы мен тағдырыңа, атқаратын кәсібіне тоқталады, жүйелі философиялық ой қорытады.
Қай тілдерге аударылды?
Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.
Екінші сөз
Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп.
Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай атқа мінсе, шаршап, жаяу жүрсе, демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік1 ноғай деп.
Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп.Орыс ойына келгенін қылады деген… не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» — деп.
Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда.
Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы2 аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық казақ», — деп үйінен қуып шығарады.
Оның бәрі бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері.
Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі қадарлы да жоқпыз.
Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?
1Ұсақ саудагер.
2Лас, былғаныш.