Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

АЛТЫНШЫ СӨЗ

АЛТЫНШЫ СӨЗ

1891

Абайдың бірлік туралы қазақ танымын байыптап, бірлік ұғымын мал, ас, байлық ортақтығымен байланыстыратын таным таяздығын, ой үстірттігін сынай жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Ойшыл бірлік малда емес, ақыл бірлігі қажет деген қорытынды жасап, қарекеттерге талдау жасай білген Абай бұл қара сөзін Абай 1891 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алтыншы сөз алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Абай алтыншы сөзінде «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деген мақал төңірегінде ой тарқатып, бірліктің мәніне бойлайды. Ақ сөйлеп, жұртын жөнге салар байыпты толғамын білдіреді. «Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» деп біледі. Ағайын бірлігі қандастарыңнан, туған-туысқаныңнан тілегеніңді масылдықпен, жарамсақтықпен алу емес, несібеңді құдайдан тілеу екенін байыптайды. Шаруа іздемей еңбексіз күн көрудің соңы бір-біріне пәле, қастық, жауыздық, залымдық іздеуімен ғана тынып қоймай, өзара алдау амалына ұласатынын дұрыс көрсетеді. Тоғышарлық, масылдық, тар өрістілікті мінейді. Ел береке-бірлігінің әлеуметтік маңызын, қоғамдық дамудағы мәнін дұрыс көрсетеді. Бұлданған бірліктің баянсыздығын, шаруаға қырсыздығын, бір-біріне пәле іздеуі, алдауының орға жығарын танытады. Қоғамды жайлаған осындай сұрқиялықтарды сынға алады. «Мұның қай жеріне бірлік шықты?» деп күйінуімен өзегін өртеген сауал қояды. Бірлік ұғымын таяз ұғынудың залалы мен зардабына соқырға таяқ ұстатқандай көз жеткізеді.

Қай жанрда жазылды?

Қара сөзде Абай қазақтың «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деген мақал төңірегінде философиялық мәнде ой өрбіткен.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Алтыншы сөз

Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

«Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады.

Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөзұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Кеселді жалқау, қылжақбас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың – пысық, ішің – нас,

Артын ойлап ұялмас, —

болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.