Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

ҚЫРЫҚ ТӨРТІНШІ СӨЗ

ҚЫРЫҚ ТӨРТІНШІ СӨЗ

1898

Абайдың «талап» атауына философиялық категория түрінде талдау жасаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Рухани тазалық, жан мәдениеттілігі жоқ жердегі талаптың тоғышарлық сипатын терең ашып берген қара сөзін Абай 1898 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор талап атауына философиялық категория ретінде талдау жасаған. Талаптың көзі – адам баласының, істеген ісінен қанағат табуы, «басына қадір іздеуі», көңілдің «бәрекелді» деушіні іздеуі болып табылады. Осы жолда сараңдықпен, арамдықпен әйтеуір мал тапсам, «мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын – талап. «Ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке, біреу білгіш, қу, сұм атанамын» деп сол қарекетте «осыным бірсыпыра елеу азық болар» деген талаппен жүргендер де бар. Енді бір талап бар – ол қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарап, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп «қазақтың бетінен оқып, ізденген талап». Мұның бәрі де кітаптың бетінен оқып іздеген талап емес. Көкірек таза болмаған жердегі талаптың өзгеге шапағат нұрын төкпейтіні ләзім. Осыдан келіп Абай рухани тазалық, жан мәдениеттілігі жоқ жердегі талаптың сипатын терең ашып береді.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы қырық төртінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

Қырық төртінші сөз

Адам баласының ең жаманы – талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Оның үшін өзге жолдағылардан «бәрекелдіні» оңды күтпейді. Маған «бәрекелді» десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар «бәрекелді» дер дейді.

Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда. Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс. Осыған орай біреу ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп, сол харекетте жүр. Әрқайсысы қазаққа яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі бұлдамақ та болып, басына «осыным бірсыпыра елеу азық болар» деген талаппенен қылып жүр. Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды-дағы, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп, қазақтың өз бетінен оқып, ізденген талап болмаса, кітап бетінен оқып іздеген талап емес. Оның үшін кітап сөзіменен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл дейді. Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі тым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап, қайдан оқып, біліп, ұмтылған талап екенін білерсің.