Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚЫРАН БҮРКІТ НЕ АЛМАЙДЫ, САЛСА БАПТАП»

«ҚЫРАН БҮРКІТ НЕ АЛМАЙДЫ, САЛСА БАПТАП»

Абайдың қоғамдық мән-мағынасы терең, ерекше бір көркемдік түрде жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Көркемдік кенеуімен, кемелді ойымен құрылымы келіскен өлеңін ақын 1886 жылы 41 жасында жазған.

Қайда жазылды?

14 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгерістер кездеспейді. Дегенмен туындының 7-8-жолдары 1909 жылғы жинақта берілмеген. Бірақ бұл 2 жол Мүрсейіт қолжазбасы негізінде тұңғыш рет 1933 жылғы жинаққа енгізілген.

Өлең не жайында?

Ақынның көтерген тақырыбы – қосанжар өмір құбылысы. Алғашқысы – аңшылық. Ер жігіт қыран бүркіт баптаса, қалған жұрт аңға күйкентай мен қарға салмақ. Ақын өлеңінде некен-саяқ сирек кездесетін қыран бүркіт пен көп күйкентай, қарғаларды салыстырып, тұспалдап суреттейді. Сирек кездесетін қыран бүркіт – халық қамқоры, бірлі-жарым ірі қайраткер. Көп күйкентайлар, қарғалар – отаршыл орыс патшасының қол шоқпарына айналған көп пысық, атқамінер азғындар.

Бабы келіскен қыранның қоян, түлкі түгілі, қасқыр да алатыны анық. Алайда қарға қарқылдап, қыранның арт жағынан қалмаса, күйкентай үстінде шықылықтайды. Қарға мен күйкентай иелері қыранға кедергі жасағандарына мәз, өз құстарын мақтап күпілдеседі. Абайдың бұл жерде айтқалы отырған негізгі ойы күллі қазақтың тірлігі өмірде осыған саятындығы, ортасынан озған азамат, ақын шығып жатса, оларға жасайтындары осындай кесірлік екендігі. Ақын өз ойын «Басқа – сая, жанға – олжа дәнеме жоқ, Қайран ел осынымен жүр далақтап» деп қорытады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 14 тармақтан тұрады. Өлеңнің алғашқы екі жолы өзара ұйқасып, егіздік байқатқан, әрі қарай еркін ұйқаспен кестеленген. Мазмұн-мағына жағынан да, пішім, ырғақтық жағынан да ешқандай жік білінбейді.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап,

Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.

Қыран шықса қияға, жібереді

Олар да екі құсын екі жақтап.

Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,

Күйкентайы үстінде шықылықтап.

Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,

Күні бойы шабады бос салақтап.

Тиіп-шығып, ыза қып, ұстатпаса,

Қуанар иелері сонда ыржақтап.

Не таптық мұныменен деген жан жоқ,

Түні бойы күпілдер құсын мақтап.

Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,

Қайран ел осынымен жүр далақтап.