Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЙҚЫ СЕРГЕК»

«ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЙҚЫ СЕРГЕК»

Абайдың рухани кемелденген деңгейге көтерілген кездегі заман сырын, адам құлқын терең философиялық таныммен таразылауынан туған өлеңі.

Қашан жазылды?

Дүние, әлем туралы танымы шығыстық рухани қазынамен байыған, кемеліне келген ақын бұл өлеңін 1886 жылы 41 жасында жазған.

Қайда жазылды?

12шумақтан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Бұл өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта басылған (1-бөлік, Халық туралы, 2-бет). Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1945 жылғы жинақта 2-шумақтың 1-жолы «Әуелде жас қартаймақ, туған өлмек» делінсе, қалған басылымдарда 1909 жылғы жинақ бойынша «Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек» болып берілген. Осы шумақтың 2-жолы 1945, 1954, 1957, 1977 жылғы жинақтарда Мүрсейіт қолжазбаларына сәйкес «Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек», 5-шумақтың 3-жолы «Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп» деп алынса, 1909 жылғы басылымда «Тағдыр жоқ өткен адам қайта келмек», «Екеуінің бірі жоқ ауыл кезбек» түрінде басылған. 1945, 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда 4-шумақтың 3-жолы 1909 жылғы жинақ негізінде «Арамдықтан жамандық көрмей қалмас» делінсе, Мүрсейіт қолжазбаларында бұл жол «Арамдықтан жамандық таппай қалмас» болып алынған.

Өлең не жайында?

Заманынан, заманының адамынан озған, ақылымен, парасатымен озған ақын өзі жеткен рухани биіктен мұңдасарға, ойласарға сөз ұғарлық кісі таппай толғанады. Толғана отырып, заман, адам туралы, жақсы мен жаман, адал мен арам туралы ойларын білім, ақыл жайындағы адамгершілік нысана тұрғысы биігінен баяндайды, адам мен арамның, жақсы мен жаманның парқын ақыл ғана айыра алатындығын аңғартады. Сондай-ақ ақын бұл өлеңінде ел ортасына бүлік салып жүрген тынымсыз атқамінерлерді ең алғаш сынға алады, елдің ортасында «жақсымын», «жұрт ағасымын» деп жүргендерге сын сөздер айтады. Болыстықтың өзі де «қорлық», «иттікке» апаратын жол деп, қазақ ортасындағы әкімшіліктің өзінен қашу керек дейді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған, әрқайсысы 4 тармақты 12 шумақтан тұрады. Өлеңнің әр шумағы негізгі тақырып пен идеяны әр қырынан ашып, тұтаса келе күрделі көркемдік құбылысқа айналады. Алғашқы екі шумақ ақынның адам мен заман туралы жалпы ойларынан түзілген болса, кейінгі шумақтарда бұл ойлар бейнеге айналып, нақты да затты сипатқа иеленеді.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, белорус, қарақалпақ, қырғыз, латыш, орыс, өзбек, украин, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек?

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек,

Өнерсіздің қылығы өле көрмек.

Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,

Еріншек ездігінен көпке көнбек.

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Адамзат тірілікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.

Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,

Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?

Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек,

Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.

Рас сөздің кім білер қасиетін,

Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.

Қызыл арай1, ақ күміс, алтын бергек

Қызықты ертегіге көтерілмек.

Ақсақалдың, әкенің, білімдінің,

Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

Таразы да, қазы да өз бойында,

Наданның сүйенгені – көппен дүрмек.

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.

Бір-екі жолы болған кісі көрсе,

Құдай сүйіп жаратқан осы демек.

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.

Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,

Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,

Адалдық, арамдықты кім теңгермек?

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

1Арай (парсыша) – көркем, әдемі.