Абайдың өз дәуіріндегі қазақ қоғамының әлеуметтік топтарын дәл ажыратып, айқын саралап, әрқайсысының мін-мерезін ащы тілмен күйдіре өртеп жазған өлеңі.
Қашан жазылды?
1886 жылы 41 жасқа келген Абай өлеңін «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сөздермен бастайды. Анығында, бұл жылдарда Абай қартайған жоқ. Оны жасынан ғана айыру керек емес, халық қамқоры боп, азамат ақын боп, осы жылдан бастап жазған сөздеріне қарасақ, ақын анық үлкен тартысқа барынша белсеніп кіріседі. Сондықтан қажыған адамның әлсіреп, қартайып, ой қуаты, жүрек оты бәсеңдеген күйін көрмейміз. Олай болса, «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сөздерді Абай басқаша бір мән-мағынамен қолданады. Өсиетші, сыншы, ұстаз болуға бекініп кіріскен ақын халықтың анық ағасы болып, ақылшының тұрғысынан сөйлейді.
Қайда жазылды?
50 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Бұл өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта басылған (4-бет).
Өлең не жайында?
Абай осы өлеңінде атқамінер тобын айқынырақ, ашығырақ шенеп, әйгілеп өтеді, «жүзі күйгір» деумен жиіркенішті топ етіп көрсетеді. Еңбексіздік, терін сатпай, телміріп көзін сатқан теп-тегіс алармандықты айыптайды. Абай таңбалайтын өкілдер – бай, би, болыс, елубасы, жау, жарлы, дос, сұм-сұрқия, аларман, орыс, паң бәрі де әрекетімен, өз қылығымен көрінген. Осылардың әрқайсысының адал еңбек етпей, арамдықпен дүние табар амалдарын зерек суреткер дәл басып, мінез, психология ерекшеліктерін, қулық-сұмдық табиғатын, айла-шарғы тәсілдерін ашып көрсетеді. Табан ақы, маңдай теріне сүйенбей, айла-шарғыға аяқ артқан, біреуді біреу жеген қоғамдық ортаның азуын ақын қайғылы суретке айналдырады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасы үлгісімен жазылған, көлемі 50 жол. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғы жинақта 3-шумақтың 3-жолы «Жалаң қаққан жат мінез жау алады» болса, 1939, 1945, 1957 жылғы басылымдарда «Жалаңқая жат мінез жау алады» деп берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында 6-шумақтың 2-жолы «Мал сойсам, сен мендік бол деп берем деп», 7-шумақтың 2-жолы «Ант бұзуды кім ойлар дерт көрем деп», 10-шумақтың 2-жолы «Ит қорлық немене екен көрген күні» делінсе, жинақтарда 1909 жылғы басылым негізінде «Ет берсем, сен мендік бол деп берем деп», «Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп», «Ит қорлық немесе екен сүйткен күні» болып алынған. Кейінгі басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша 6-шумақтың 3-жолы «Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен», 10-шумақтың 3-жолы «Арын сатқан мал үшін антұрғанның» деп берілсе, 1909 жылғы бұл жинақта бұл жолдар «Қара қарға сықылды шуласын жұрт», «Бар ма екен жай жүрген жұрт қанағатпен», «Жанын сатқан мал үшін антұрғанның» болып алынған. 1933, 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 11-шумақтың 3-жолы «Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар» делінсе, қалған басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы жинақ негізінде «Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар» деп алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда соңғы шумақтың соңғы жолы «Өз үйінде шіренген паңы құрсын» болса, 1957, 1977 жылғы жинақтарда 1909 жылғы басылым бойынша «Өз үйінде шәртиген паңы құрсын» деп берілген.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды қарақалпақ, қырғыз, орыс, ұйғыр, т.б. тілдерге аударылған.
Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.
Бай алады кезінде көп берем деп,
Жетпей тұрған жеріңде тек берем деп.
Би мен болыс алады күшін сатып,
Мен қазақтан кегіңді әпперем деп.
Жарлы алады қызметпен өткерем деп,
Елубасы шар салып1, леп берем деп.
Жалаңқая жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп.
Дос алады бермесең бұлт берем деп,
Жауыңа қосылуға серт берем деп,
Бұзылған соң мен оңай табылмаспын,
Не қылып оңайлықпен ырық берем деп.
Сұм-сұрқия – сұмдықпен еп берем деп,
Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп.
Жүз қараға екі жүз аларман бар,
Бас қатар бас-аяғын тексерем деп.
Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп,
Ет берсем, сен мендік бол деп берем деп.
Қара қарға сықылды шуласар жұрт,
Кім көп берсе, мен соған серт берем деп.
Бұзыларда ойламас бет көрем деп,
Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп.
Қабаған итше өшігіп шыға келер,
Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп.
Орыс айтты өзіңе ерік берем деп,
Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп.
Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ,
Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп.
Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,
Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.
Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен,
Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп?
Атаны бала аңдиды, ағаны – іні,
Ит қорлық немене екен сүйткен күні?
Арын сатқан мал үшін антұрғанның
Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні.
Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,
Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып.
Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар,
Паруардигәр жаратқан несін жан қып!
Ант ішін күнде берген жаны құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.
Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,
Өз үйінде шертиген паңы құрсын.
1Елу үйдің атынан сайланған елубасылар кішкене тасты (шарды) екі ұялы жәшікке салу арқылы болысты сайлауға дауыстарын беретін болған. Оны жұрт сол кезде «шар салу» деп атаған.