1893
Абайдың ес туралы ғылыми, психологиялық, педагогикалық ерекшелігіне талдау жасап, ой топшылаған қара сөзі.
Қашан жазылды?
Тәрбиелік сипаттағы Он тоғызыншы қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды.
Қара сөз не жайында?
Абай шығармаларының дені адам баласының мінезін сынауға арналған. Санасы сергек ойлы оқырман ақын туындыларынан ғибратты пікір түйетіні мәлім. Он тоғызыншы қара сөзінде Абай есті және ессіз адамның айырмашылығын айтып, өзі жазып қалдырған ғибратты пікірлерін көкірегі байлаулы ақылды адамның зерделейтініне сенген.
Он тоғызыншы қара сөз мағынасы жағынан он бесінші сөзге жақын. Екеуінде де есті мен ессіз адамның болмысын сипаттап, естілердің қатарына қосылуға не істеу керектігін жазған. Осы жағын ескергенде, он тоғызыншы сөзінде Абай бұрынғы айтқан ғибратты ойларын толықтырған.
Өмірге жаңа келген жас сәби бірден есті болып тумайды дейді. Бала анадан туғанда ернімен татып, мұрнымен иіскеп, құлағымен естіп, көзімен көріп, қолымен ұстап, қоршаған ортаның құпиясын, дүниенің сырын зерттейді. Өмірдегі жақсы мен жаманның айырмашылығын таниды, алған тәжірибесін өнер мен білім күйінде бойына жинайды. Естілердің айтқанын санасына құйып, көргені мен білгенін, оқығаны мен тоқығанын көкірегіне қорытса, өзі де естілердің санатына қосылады дейді.
Адам есейе келе жақсыға жанасса, жаманнан адасса, адам қатарында қалады. Ал егер пайдалы, санасын оятарлық ғибратты сөзге немқұрайлы болса, жақсы өсиетті ескермесе, адамдыққа баулыған дүниені салғырттанып елемесе, ондай жанды адам санатында көргісі де келмейтінін айтады. Білімі мен өнерін молайтатын, парасат-пайымын өсіретін пайдалы кеңеске құлақ артпаған, есті әңгімені тұщынып бойға сіңірмеген жаннан Абай күдер үзеді. Сөз қадірін бағалай алатын тыңдаушыны іздеген данышпан ойшыл сөзді танымайтын елге ақыл айтқанша, айдағаныңа жүретін, өзіңді танитын шошқаны баққан артық деген бір хакімнің пікірін еске алады.
Қай жанрда жазылды?
Әлеуметтік мазмұндағы он тоғызыншы қара сөз дидактикалық толғаныс сипатында жазылған.
Қай тілдерге аударылды?
Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.
Он тоғызыншы сөз
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хаким айтқан екен, сол секілді сөз болады.