1894
Абайдың адам бойындағы қасиетті қарекет – қуаныш пен жұбаныш туралы ой толғаған қара сөзі.
Қашан жазылды?
Тәрбиелік сипаттағы жиырма үшінші қара сөзін Абай 1894 жылы 49 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Қара сөз алғаш рет 1918 жылы «Абай» журналының 1-ші санында жарияланды. Кейін Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағына енді. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Қара сөз не жайында?
Қара сөзде адам көңілінің қуаныш және жұбаныш секілді жағдайы жайында ой қозғалады. Кез келген адам баласы қуануға ұмтылатыны мәлім. Қуаныш сезіміне бөленген адам шаттанады, рахаттанады, аз уақыт бақытты сәтті басынан кешеді. Яғни Абай барлық адам баласының осындай ғанибетті, ләззатты көңіл күйді көргісі келетінін табиғи жағдай дейді. Алайда біздің қазақтар қуанышты жайды өзінен төмен жаманды көргенде сезетіні қалай дейді. Бір адам жамандық жасап, елді арбап, алдап, болмаса басқа да бір кеселді іс тындырып, абыройы мен беделін көптің көзінше айрандай төгіп алса, соған қарап өзінің жағдайын шүкір дейтіндер, мені ондайдан Құдай сақтасын деп көңілін көншітетіндер бар дейді. Абай осы жексұрын сезімді қазақтың қуанышым деп танитынын сынайды. Құдай тағала жаманнан парқың асса болды, немесе білімділер наданнан сауатты көрінсең жетеді деді ме? Сол саған қуаныш болады деп айтып па еді? Жаманмен санасқанда, наданмен бой түзегенде кім болғаның дейді.
Тегінде адам жаманмен жарысып жақсы болмайды, жақсымен санасып жақсы атанады деп, қазақтың бәйгесін мысалға келтіреді. Бәйгеге жүз ат қатысса, соның ішінде сенің атыңның алдында неше ат келді деп сұрайды ғой. Артында неше ат қалғанын ешкім де анықтамайды, олар қызық емес дейді. Өмірде де кім-де кім өзін біреуден парасат-пайымымен, білімімен, ішкі мәдениетімен, ізгі жақсы қасиеттерімен озғаны жарасар еді. Сол белгі, қасиеттерге қарап адам өзінің жақсылардың қатарына жататынын анықтағаны дұрыс еді дейді.
Осыдан кейін Абай қазақтың жұбанышына баға береді. Жұбаныш деп жүргенді теріс түсінетінін сынайды. Біздің қазақ көппен бірге болсақ жетеді, көптің қылғанын мен де істедім, соған қанағат еттім деп өзінің бейғам өмірін місе тұтады дейді. Көптің алдына шығып не керек, көпшілік қателеспейді ғой деп қалыпты тірлігін өзгертуге құмартпайды дейді. Құдай оларға көптің ішінде ғана бол деп айтып па еді? Ғылым көпке келіп пе еді? Көптен даралансаң, алдына шықсаң болмай ма? Егер көп жол таба алмаса, солармен бірге сен де адасып жүре бересің бе? Елге жұт келсе, басқа салғаны осы деп, көппен бірге қырыласың ба? Жан сақтауға қарекет қылмайсың ба? Осыны да жұбаныш деп есептеймісің деп ойға жетелейтін сауалдар қояды. Бұл сұрақтардың мазмұнынан Абайдың қазақ қоғамын жақсартуды тілеген ізгі ниетін байқаймыз.
Қай жанрда жазылды?
Әлеуметтік мазмұндағы жиырма үшінші қара сөз дидактикалық толғаныс сипатында жазылған.
Қай тілдерге аударылды?
Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.
Жиырма үшінші сөз
Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар.
Оның қуанышы – елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: Құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? – деп. Оған Құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?
Енді жұбанышы – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған Құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ, жармысы арыса, жармысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!